Жаңа легионер: «Қайрат» маусымаралық алғашқы трансферін жариялады

Алматылық «Қайрат» маусымаралық кезеңдегі алғашқы жаңалығын ресми түрде таныстырды. Финляндиялық жартылай қорғаушы Яакко Оксанен клуб құрамын толықтырды, деп хабарлайды dailykz қазақстандық футбол клубының ресми сайтына сілтеме жасап.
25 жастағы хавбекпен жасалған келісімшарт 2027 жылдың желтоқсанына дейін есептелген. Трансфердің қаржылық шарттары жарияланбады. Transfermarkt дерегіне сүйенсек, Оксанен «Қайратқа» финляндиялық «КуПС» клубынан еркін агент ретінде ауысқан. Ойыншының нарықтағы бағасы 500 мың еуро шамасында.
Мансабы мен тәжірибесі
Яакко Оксанен — финляндиялық ХИК клубының түлегі. 2018 жылы ол Англияның «Брентфорд» клубының екінші командасына қосылып, кейін «Уимблдон» (Англия) және «Мортон» (Шотландия) сапында жалға ойнады.
2022 жылдың жазынан бастап Оксанен «КуПС» жейдесінде өнер көрсетті. Аталған клуб құрамында ол осы маусымдағы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Қайратқа» қарсы ойнаған. Үйдегі матчта жартылай қорғаушы гол соққанымен, екі ойынның қорытындысы бойынша келесі кезеңге алматылықтар өтті.
Ұлттық құрамалардағы көрсеткіші
Оксанен Финляндияның негізгі ұлттық құрамасында бір матч өткізген. Ал U21 жастар құрамасы сапында 15 кездесу өткізді.
Клубтағы таныстыру
Клубтың баспасөз қызметі жаңа ойыншының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаевпен және бас директор Аскар Есимовпен бірге түскен фотосуреттерін де жариялады.




