«Тәуелсіздік бәрінен биік»: Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Құттықтау мәтінін Ақорданың баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды dailykz.
Президенттің айтуынша, бұл мереке егемен даму жолын ерікті әрі түпкілікті таңдаған халқымыз үшін айрықша мәнге ие.
**«Тәуелсіздік бәрінен биік! Осы қағидатты берік ұстану – өткен және келешек ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілігіміз.
Азаматтардың бірлігі, өзара қолдауы мен жасампаз еңбегінің, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің арқасында Қазақстан Тәуелсіздікті нығайту ісінде елеулі табыстарға жетті. Әлем жаңа тарихи кезеңге қадам басып, күрделі сын-қатерлермен қатар жаңа мүмкіндіктерге толы уақытқа бет алды.
Осындай жағдайда біз жас әрі прогрессивті ұлт ретінде болашаққа үміт пен сеніммен қарап, елдің жаһандық аренадағы бәсекеге қабілеттілігі мен беделін арттыру үшін бірігіп еңбек етуіміз керек, Қазақстанды гүлденген мемлекетке айналдыруымыз қажет»,** – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазіргі кезде жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар елді табысқа бастайтынына сенім білдірді.
**«Жан-жақты жаңғыртуға бағытталған стратегиялық бағытты берік ұстана отырып, біз Әділетті, Қуатты, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз.
Баршаңызға бақыт, бақ-береке және толағай табыс тілеймін! Қасиетті Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!»** – деп түйіндеді президент.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Тәуелсіздігінің 34 жылдығын атап өтуде.



