Софья Самоделкина қателіктерге қарамастан қысқа бағдарламада топ-7 қатарына кірді

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан беделді “Челленджер” сериясының турнирінде қысқа бағдарлама барысында бірнеше қателікке жол берді, деп хабарлайды dailykz.
Қысқа бағдарламадағы қателіктер
Бейсенбі күні әйелдер арасындағы жеке сырғанаушылар жарысты бастады. Самоделкина қысқа бағдарлама орындау кезінде аксель элементін сәтсіз аяқтап, оны мүлде орындай алмады. Бұдан бөлек, ол қадамдар жолында да құлап қалды.
Сондай-ақ таза орындалған элементтердің ішінде тек үштік лутц пен үштік флип — үштік тулуп каскады ғана болды.
Аралық нәтиже — жетінші орын
Өз өнері үшін спортшы 56,28 ұпай жинады. Бұл оған аралық көрсеткіш бойынша жетінші орын иеленуге мүмкіндік берді.
Ал көшбасшылықты америкалық Брэди Теннелл (62,80) алып отыр. Екінші орында бельгиялық Нина Пинзарроне (61,30), үздік үштікті франциялық Леа Серна (60,75) түйіндеді.
Еркін бағдарлама алдында
Фигуристкалар еркін бағдарламаларын 6 желтоқсан, сенбі күні орындайды. Екі бағдарламаның қорытындысы бойынша финалдық кесте жасалады.
Загребтегі “Челленджер” турнирінде әйелдер арасындағы жеке сынға барлығы 32 спортшы қатысып жатыр.




