Соболенко 2025 жылдың үздік теннисшісі атанды: Рыбакина марапатсыз қалды

Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) ресми сайтында жыл сайынғы сыйлықтың қорытындылары жарияланды. Негізгі номинацияда қазақстандық Елена Рыбакина жүлдеге ие бола алмады, деп хабарлайды dailykz.
2025 жылдың үздік теннисшісі атағы белоруссиялық Арина Соболенкоға берілді. Ол екінші маусым қатарынан жекелей сында әлемдік рейтингті көш бастап аяқтады.
2025 жылы 27 жастағы спортшы төрт титул жеңіп алды. Соның бірі – Үлкен дулыға турнирі US Open. Маусым барысында Соболенко 63 матчта жеңіске жетіп, бір жылдағы жүлде қоры бойынша рекорд орнатты – 15 миллион доллардан астам. Осылайша, ол жылдың үздік теннисшісі атағын қатарынан екінші рет иеленді.
Бұл номинацияда қазақстандық Елена Рыбакина да үміткерлер қатарында болды. Ол маусымды әлемнің бесінші ракеткасы ретінде аяқтады.
Жылдың ең үздік жұбы деп америкалық Тейлор Таунсенд пен чехиялық Катерина Синякова танылды. «Жыл серпілісі» номинациясында АҚШ өкілі Аманда Анисимова жеңіске жетті. Спортқа қайта оралғаны үшін швейцариялық Белинда Бенчич марапатталды. Ал «Жылдың жаңа ойыншысы» атағы канадалық Виктория Мбокоға бұйырды.
Айта кетейік, бұған дейін Елена Рыбакинаға қатысты дау туындаған еді. Ресей теннис федерациясының басшысы Шамиль Тарпищев оның Ресей азаматтығы сақталғанын мәлімдеген. Алайда Қазақстан теннис федерациясы бұл ақпаратты жоққа шығарды.




