Ресми түрде: Жәнібектің допинг-тесті бойынша тергеу басталды

Әлемдік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы допинг-тесттен оң нәтиже көрсеткенін ресми түрде растады. Осыған байланысты ішкі тергеу басталғанын dailykz хабарлайды.
VADA оң сынама туралы WBO-ға ресми хабарлама жіберді
Ұйымның мәліметінше, 2 желтоқсан күні Добровольды антидопингтік қауымдастық (VADA) жоспарланған титулдық кездесуге дейінгі тест нәтижелерін жолдаған. Жәнібек кубалық Эрисланди Ларамен өтетін жекпе-жек алдында тапсырған сынамасында тыйым салынған зат анықталған.
WBO: спортшы түсініктеме беруге міндетті
«WBO ережелері мен талаптарына сүйене отырып, біз ашықтық, спортшылардың қауіпсіздігі және әділ бәсеке қағидаларын сақтау үшін ішкі тергеу рәсімін бастадық. Боксшы мен оның өкілдеріне түсініктеме беру туралы ресми құжат жіберіледі. Бұл барлық құқықтық процедураларды толық орындауға және қажетті ақпарат пен құжаттарды жинауға мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді ұйым.
WBO сондай-ақ спортшы ағзасында тыйым салынған заттың табылуына байланысты негізгі жауапкершілік оның өзіне жүктелетінін еске салды.
«Ұйым спортшының ниетін, қателігін немесе салғырттығын дәлелдеуге міндетті емес», — делінген хабарламада.
Тергеу аяқталғанша қосымша түсініктеме берілмейді
Ұйым оқиғаға қатысты басқа пікір білдірмейтінін, себебі тергеу әлі жүріп жатқанын атап өтті. Барлық тараптарға келесі ресми ақпарат регламентке сай жеткізіледі.
Жекпе-жек өтпей қалуы мүмкін
Бұған дейін журналист Дэн Рафаэль Жәнібек пен Лара арасындағы айқас тоқтатылуы мүмкін екенін айтқан. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмады. Кездесу 6 желтоқсанға жоспарланған.
Қазір Лара — WBA чемпионы, ал Әлімханұлы — WBO және IBF белбеулерінің иесі. IBF әзірге жағдайға байланысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Жәнібектің өзі: бірінші тест таза болды
Қазақстандық боксшы X әлеуметтік желісінде алғашқы тапсырған сынамасы таза болғанын айтты. Оның командасы екінші тест нәтижесінің қайдан шыққанына түсінбей, қосымша тексеріс жүргізуді сұраған. Әлімханұлы рацион мен витаминдерді өзгертпегенін де атап өтті.
Ресми мәлімет: спортшы ағзасынан мельдоний табылған
Дэн Рафаэльдің айтуынша, Жәнібек Әлімханұлының ағзасынан мельдоний анықталған. Бұл зат жүрек ауруларында немесе қан айналымы бұзылғанда жиі қолданылады. 2016 жылдан бастап ол кәсіби спортта қатаң түрде тыйым салынған.




