“Рейске жіберілмеді”: Ангелина Лукас Каирге барар жолда визалық қиындықтарға тап болды

Танымал қазақстандық боксшы Ангелина Лукас Каир қаласында өтетін жарысқа ұшып барды. Алайда спортшы бұл сапарын өзінің ең қиын жолculығы деп атады, деп хабарлайды dailykz.
Виза мәселесінен басталған қиындық
28 жастағы спортшы Instagram парақшасында Каирге жеткенше бастан өткерген қиындықтарын егжей-тегжейлі баяндады. Ол атап өткендей, Египет астанасына бару үшін қазақстандық азаматтарға міндетті түрде виза қажет.
“Мен құжаттарымды қазанның 20-лары шамасында тапсырдым, бірақ виза әлі дайын болмады. Соңғы күнге дейін Қазақстанда виза беріледі деп уәде етті, бірақ бермеді. Біз визасыз ұшуға мәжбүр болдық”, – деп жазды Ангелина Лукас.
Ұшаққа кіргізілмеген сәт
Ангелинаның айтуынша, кәсіби бокс федерациясының өкілдері оған визаны Каирге жеткен соң рәсімдеп беруге уәде еткен.
“Біз бірнеше рет билет ауыстырдық. Алғашында 7 қарашада келуіміз керек еді, кейін 9-ына ауыстырдық. Бірақ виза дайын болмағандықтан, соңғы мүмкіндік ретінде кеше ұшуға шешім қабылдадық. Таңғы 3-те Алматыдан Қатарға рейсіміз болды. Қатардан Каирге ұшуымыз керек еді. Бірақ визамыз болмағандықтан, Қатарға баратын рейске кіргізбеді. Сол сәтте қатты абыржып қалдық”, – деді спортшы.
Ұзақ жолмен жеткен жеңіс
Осыдан кейін Ангелина Лукас басқа бағытты таңдап, Стамбұл арқылы ұшуға мәжбүр болған. Ол таңғы 6-да ұшып шығып, кейін Каирге жеткен.
“Қаирге қонған сәтте бізді Қазақстанның консулы күтіп алды. Барлық шақыру хаттар мен ресми құжаттарды көрсетіп, шамамен екі сағат күттік. Соңында бізге визаны сол жерде берді. Уайымдаған барша жанкүйерлерге алғыс білдіремін”, – деп жазды Ангелина.
Маңызды жекпе-жек алдында
Айта кетейік, 14 қараша күні Ангелина Лукас Каир стадионында рингке шығады. Оның қарсыласы – америкалық боксшы Кэтрин Рене. Бұл жекпе-жекте WBA Gold World белбеуі (50,8 кг дейінгі салмақ дәрежесі) сарапқа салынады.




