ПСЖ Килиан Мбаппеге 61 миллион еуро төлеуге міндеттелді

Париж соты «Пари Сен-Жермен» клубын Килиан Мбаппеге жалақы бойынша өтемақы ретінде 61 миллион еуро төлеуге міндеттеді. Осылайша футболшының еңбекақысына қатысты дауға нүкте қойылды, деп хабарлайды dailykz «Чемпионатқа» сілтеме жасап.
Іс бойынша шешім бірауыздан қабылданып, үкім дереу орындалуы тиіс екені атап өтілді. Бұл туралы RMC Sport мәлімдеді.
Шешім жарияланғаннан кейін клуб та ресми пікір білдірді.
«ПСЖ әрдайым адал әрі әділ әрекет етті және бұл ұстанымынан айнымайды. Енді клуб бірлікке және ортақ жетістіктерге негізделген болашаққа қарай бет алды. Ал ойыншыға алдағы мансабында сәттілік тілейміз», – делінген «Пари Сен-Жермен» мәлімдемесінде.
Сонымен қатар клуб Париждегі еңбек даулары жөніндегі соттың шешімін назарға алғанын, оны орындайтынын, алайда апелляцияға беру құқығын өзінде қалдыратынын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Килиан Мбаппе келісімшартты ұзартудан бас тартқаннан кейін өзін нашар жағдайда қалдырды деп, «ПСЖ»-дан 263 миллион еуро өтемақы талап еткен еді. Ал клуб өз кезегінде 240 миллион еуро көлемінде қарсы талап қойып, шабуылшыны «Әл-Хиляльмен» жасалуы мүмкін аса ірі трансфердің жүзеге аспауына кінәлаған. Еске сала кетсек, футболшы аталған ауысудан бас тартып, өткен жылы еркін агент ретінде мадридтік «Реалға» ауысқан болатын.
ПСЖ Килиан Мбаппеге 61 миллион еуро төлеуге міндеттелді




