«Олимпиакос» сапындағы ең қымбат ойыншылардың бірі «Қайратпен» матч алдындағы Астана ауа райы туралы пікір білдірді

Грекиялық «Олимпиакостың» аргентиналық жартылай қорғаушысы, клубтағы ең қымбат футболшылардың бірі Сантьяго Эссе «Қайратқа» қарсы ойын алдында Астанадағы ауа райы жағдайына қатысты пікірін айтты. Бұл туралы dailykz тілшісі хабарлайды.
Командалар 9 желтоқсанда УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алтыншы тур аясында кездеседі. Ауа райының қолайсыздығына байланысты матч Алматыдан Астанаға ауыстырылған болатын. Елордадағы «Астана Арена» стадионында жылжымалы шатыр бар, алайда алаң жасанды газонмен жабдықталған.
Бес турдан кейін «Олимпиакос» екі ұпаймен турнир кестесінде 33-орында тұр. Ал алматылық «Қайрат» бір ұпай жинап, 35-сатыда орналасқан.
Бұған дейін Пирей командасы Астанаға келген соң Қазақстан астанасынан арнайы жолдау жариялап, қаланың аязды ауа райын да атап өткен еді. Грек клубы «Қайратқа» қарсы Чемпиондар лигасындағы матчқа дайындықты жалғастырып жатыр. Кездесудің Алматыдан елордаға ауысуына байланысты командалар жасанды алаңда ойнайды, есесіне ойын жабық шатыр астында өтпек.
Сантьяго Эссенің айтуынша, ауа райы екі команда үшін де бірдей фактор. Ал қонақтар командасының бас бапкері Хосе Луис Мендилибар «осындай алыс әрі суық жерге» келіп, команданы қолдаған жанкүйерлерге алғысын білдірді.




