ОДКБ Парламенттік Ассамблеясы: Мәжіліс спикері халықаралық қауіпсіздік мәселелерін көтерді

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ОДКБ) Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің отырысы мен XVIII пленарлық мәжілісіне қатысты. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.
ОДКБ ПА Кеңесінің отырысында қатысушылар Ассамблеяның жыл басынан бергі қызметінің қорытындыларын шығарды. Депутаттар ұйымға мүше елдердің заңнамасын үйлестіру және дамыту бағытында жүйелі жұмыс атқарды. Қауіпсіздікті нығайтуды көздейтін жаңа модельдік заңдар мен ұсынымдарды қабылдау процесі кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Бұл құжаттар есірткі бизнесіне, киберқылмысқа, трансұлттық терроризмге, адам саудасына, қарудың заңсыз таралуына және өзге де қатерлерге қарсы күресті қамтиды.
Өз сөзінде Ерлан Қошанов ОДКБ Парламенттік Ассамблеясының жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге жедел әрі тиімді жауап беріп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қабылданатын шешімдер ұйымға мүше барлық мемлекеттердің мүдделерін ескере отырып қабылданады. Сондай-ақ депутаттар ортақ тарихи жадыны сақтау бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Осы орайда ОДКБ елдерінде 2025 жылғы басты оқиғалардың бірі – Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту болды.
Мәжіліс спикері геосаяси тұрақсыздық сақталып отырғанына қарамастан, халықаралық деңгейде қабылданған бірқатар маңызды шешімдерге де назар аударды. Олардың қатарында Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты реттеу, Газа секторында бітім туралы келісімге қол қою, Қырғызстанның ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі шартқа қосылуы, сондай-ақ Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында атысты тоқтату жөніндегі уағдаластық бар.
Ерлан Қошанов Қазақстанның ауған халқына қолдау көрсету бағытындағы бастамалары туралы да айтты. Биыл еліміз Ауғанстанға 2 500 тоннадан астам гуманитарлық жүк жөнелтті. Оның құрамына азық-түлік, бірінші кезектегі қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмектер кірді. Сонымен бірге ол ОДКБ елдерінің парламентарийлерін халықаралық көмекті үйлестіру үшін Алматыда орналасқан БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша Өңірлік орталығының әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды.
Отырыс барысында бірқатар модельдік заңдар мен ұсынымдар қабылданды. Олардың ішінде қазақстандық тарап әзірлеген «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заң да бар. Құжатта мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы, лаңкестік қауіп төнуі мүмкін нысандарды қорғау шаралары, антитеррористік операцияларды жүргізу шарттары және өзге де маңызды мәселелер айқындалған.
Бұдан бөлек, ОДКБ-ға мүше мемлекеттердің азаматтық қорғау, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салалардағы заңнамасын жетілдіруге арналған ұсынымдар қаралды. Жиын қорытындысы бойынша парламентарийлер қалыптасып келе жатқан көпполярлы әлем жағдайында халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы мәлімдеме қабылдады.
ОДКБ Парламенттік Ассамблеясы аясындағы іс-шаралар барысында Мәскеуде парламенттік делегация басшыларын Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қабылдады.



