Месси MLS чемпионы атанды — Лео мансабында алғаш рет Major League Soccer титулын жеңіп алды » DailyKz
Новости Спорта

Месси MLS чемпионы атанды — Лео мансабында алғаш рет Major League Soccer титулын жеңіп алды

2025 жылғы маусымда «Интер Майами» клубы Солтүстік Американың Major League Soccer (MLS) плей-офф финалында «Ванкувер Уайткэпсті» жеңіп, чемпион атанды, деп хабарлайды dailykz тілшісі. Шешуші кездесу «Чейз Стэдиум» аренасында өтіп, алаң иелерінің 3:1 есебімен жеңісімен аяқталды.

Ойынның басында «Интер Майами» жылдам есеп ашты. Қонақтардың қорғаушысы, колумбиялық Эдьер Окампо 8-минутта допты өз қақпасына салып алды.

Екінші таймда «Ванкувер» таразы басын теңестірді: 60-минутта канадалық қорғаушы Али Ахмед америкалық шабуылшы Брайан Уайттың пасынан кейін айып алаңы шебінен дәл соққы жасады.

Алайда шешуші голды аргентиналық жартылай қорғаушы Родриго Де Пауль соқты. 71-минутта ол қақпашымен бетпе-бет шығып, мүмкіндігін мүлт жібермеді. Нәтижелі пасты «Интер Майами» капитаны, аргентиналық форвард Лионель Месси жасады — ол допты тартып алып, шабуылды өзі бастады.

Қосымша уақытта, 90+6-минутта есепті Тадео Альенде түбегейлі бекітті. Аргентиналық шабуылшы Мессидің тағы бір тамаша пасынан кейін қақпашымен жеке шығып, дәл соққы орындады. Осылайша, «Интер Майами» капитаны кәсіби футболдағы ассисттер саны бойынша өз әлемдік рекордын жаңартты — енді Мессидің еншісінде 407 голдық пас бар.

Бұл жеңіс «Интер Майами» үшін тарихи болды: клуб MLS чемпиондығын алғаш рет иеленді. Ал Лионель Месси мансабындағы 47-ші трофейін қоржынына салды (Шығыс конференциясындағы жеңіс кубогын есептемегенде). Сонымен қатар, испаниялық ардагерлер — Жорди Альба мен Серхио Бускетс — кәсіби мансабындағы соңғы матчтарын өткізді.

Айта кетейік, «Интер Майами» 2018 жылы құрылған. Клубтың иесі әрі президенті — Англия құрамасының бұрынғы ойыншысы Дэвид Бекхэм.

Related Articles

Back to top button