Ливерпуль жанкүйерлерін қағып өткен жүргізуші 21 жылға сотталды

Ұлыбританияда Ливерпуль қаласында өткен футбол шеруі кезінде жанкүйерлер тобына көлікпен соққан ер адамға қатаң үкім шығарылды. Сот шешімімен ол 20 жылдан астам мерзімге, нақтырақ айтқанда 21 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dailykz BBC деректеріне сілтеме жасап.
Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы – 54 жастағы Пол Дойл. Үкім жариялау кезінде ол эмоция білдірмей, алға қарап отырған. Судья Эндрю Менари Дойлдың әрекеті қоғамда «қорқыныш пен дүрбелең туғызғанын» атап өтіп, оның «адам өміріне немқұрайлы қарауы ақылға сыймайтынын» мәлімдеді.
Айыптар мен жәбірленушілер
Пол Дойл 31 бап бойынша кінәсін мойындады. Олардың қатарында:
- ауыр дене жарақатын қасақана келтіру,
- қауіпті жүргізу,
- төбелеске қатысу бар.
Оқиға салдарынан ересек әйел мен алты айлық сәби жәбірленген.
Судьяның бағасы
Үкім шығару барысында судья Дойлдың әрекеттерін аса қатігез деп бағалады:
«Сіздің келтірген зияныңыздың ауқымын сөзбен жеткізу қиын. Бейнежазбаларда жанкүйерлер тобына қайта-қайта әдейі соғылғаныңыз анық көрінеді. Сіз адамдарды қағып, балалар арбаларын таптап, айналадағы жұртты үреймен қашуға мәжбүрледіңіз. Жоғары жылдамдықпен алға ұмтылып, адамды адам үстіне басып өттіңіз».
Судьяның айтуынша, Дойл екі минуттың ішінде 100-ден астам адамды қағып кеткен. Ол тек кездейсоқ өтіп бара жатқан азамат көлікке мініп, жүргізушіні тоқтатқаннан кейін ғана ұсталды.
Оқиға қалай болды?
Еске салайық, оқиға мамыр айының соңында ФК «Ливерпульдің» Англия Премьер-лигасындағы жеңісін тойлау кезінде болған. Шамамен кешкі сағат 18:00-де жеңіл автокөлік жаяу жүргіншілер тобына соғылды. Полиция күдіктіні сол сәтте-ақ ұстады.
Куәгерлердің айтуынша:
«Сұр түсті жеңіл көлік оң жақтан келіп, адамдардың бәрін қағып өтті. Өте жылдам жүрді. Бұл сұмдық еді, қызым айқайлай бастады, жерде адамдар жатты».
Алғашқы мәліметтерге сәйкес, 47 адам зардап шеккен, оның ішінде балалар да бар. 20 адамға ауруханаға жатқызу қажет болды.




