Лара допинг дауына қарамастан титулын қорғап, қарсыласын жеңіп шықты

Кубалық боксшы Эрисланди Лара венесуэлалық Йохан Гонсалесті жеңіп, Дүниежүзілік бокс қауымдастығының (WBA) орта салмақтағы чемпиондық титулын қорғады, деп хабарлайды dailykz.
Орта салмақтағы (72,6 кг дейін) жекпе-жек АҚШ-тың Техас штатындағы Сан-Антонио қаласында өтті. Алғашқы жоспар бойынша Лара біріккен титул үшін қазақстандық Жанибек Әлімханұлымен кездесуі тиіс болған еді. Алайда бірнеше күн бұрын Қазақстан боксшысы допинг-тесттен өтіп, оң нәтиже көрсеткені белгілі болды. Сол себепті жекпе-жекке қысқа мерзімде Йохан Гонсалес шықты.
Жекпе-жек 12 раундқа созылды. Лара алғашқыдан соңғы раундқа дейін айқын басымдық танытып, қарсыласын бірнеше рет нокдаунға жіберді. Нәтижесінде 42 жасар кубалық боксшы төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетті (118:108, 120:106, 119:107) және WBA титулын қорғап қалды.
Бұл Лараның үздіксіз жетінші жеңісі болды. Профессионал рингте оның қоржыны 32 жеңіс (оның 19-ы нокаутпен), 3 жеңіліс және 3 тең нәтиже.
Ал Гонсалес үшін бұл өміріндегі бірінші әлем чемпионы титулы үшін жекпе-жек болды. 34 жасар венесуэлалықтың есепшотында қазір 36 жеңіс (оның 34-і нокаутпен) және 5 жеңіліс (оның 2-сі нокаутпен) бар.
Айта кетейік, Әлімханұлының допинг дауына қатысты жағдайдан кейін Лара қазақстандық боксшыны сынаған еді.




