«Копенгагеннен» жеңілгеннен кейін «Қайраттың» турнирлік жағдайы қалай өзгерді

«Қайраттың» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі турнирлік кестедегі қазіргі орны белгілі болды, деп жазады dailykz УЕФА-ның ресми сайтына сілтеме жасап.
Кеше қазақстандық «Қайрат» сырт алаңда даттық «Копенгагенге» қарсы ойнап, 3:2 есебімен жеңіліп қалды. Матч алаң иелерінің пайдасына аяқталды.
Бес ойынның қорытындысы бойынша алматылық команда небәрі бір ғана ұпай жинап, турнирлік кестеде 35-орынға төмендеді. «Қайрат» тек бір клубты — барлық бес матчында жеңілген «Аяксты» ғана артта қалдырып тұр.
Турнирлік кестенің көшін «Арсенал» бастап келеді. Англиялық клуб барлық матчында жеңіске жетіп, ойындардың жалпы нәтижесін 14:1 есебімен түйіндеген. Одан кейін «ПСЖ», «Бавария», «Интер» және «Реал» келеді — олардың әрқайсысының қоржынында 12 ұпай бар.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының төртінші турында Кипрдің «Пафосына» қарсы матчтан кейін «Қайрат» 33-орында тұрған болатын.
Сонымен қатар, алматылық команданың шабуылшысы Дастан Сатпаев алтыншы тур матчына қатыса алмайды. Себебі 17 жастағы футболшы «Копенгагенмен» өткен кездесудің соңында уақыт созғаны үшін алған сары қағазы жалпы кезеңдегі үшінші ескертуі болды. Ереже бойынша үш ескерту автоматты түрде бір ойынға шеттетуге әкеледі.
Соған қарамастан, Дастан Сатпаев бес матчтың қорытындысы бойынша Чемпиондар лигасында бірқатар жарқын көрсеткіштерге қол жеткізді.




