Британия Абрамовичтен «Челсиді» сатқан қаражатты Украинаға беруді талап етті

Абрамович пен «Челсиді» сату қаражаты төңірегіндегі дау Ұлыбританияда қайта ушыға түсті. Ұлыбритания үкіметі санкцияға ілінген ресейлік миллиардер Роман Абрамовичтен лондондық «Челси» футбол клубын сатудан түскен, қазіргі уақытта мұздатылған 2,5 млрд фунт стерлингті Украинаға көмек ретінде беруді талап етті, деп хабарлайды dailykz DW-ге сілтеме жасап.
Ұлыбританияның премьер-министрі Кир Стармер Лондон Абрамовичтен соғыс салдарынан зардап шеккен Украинаның ең осал топтарына қаржылай қолдау көрсету жөнінде нақты ұсыныстар күтетінін мәлімдеді. Егер бұл талап орындалмаса, британ билігі істі сотқа беруге дайын екенін ескертті.
«Үкімет әрбір пеннидің заңсыз соғыстан өмірі ойран болған адамдарға жетуін қамтамасыз етуге дайын», — деді Стармер.
Басылымның жазуынша, Роман Абрамовичтің өзі «Челсиді» сатудан түскен қаржы соғыстың барлық құрбандарына, оның ішінде ресейліктерге де бағытталуы тиіс деп есептейді.
Еске салайық, Роман Абрамович 2022 жылдың мамырында «Челси» футбол клубын 4,25 млрд фунт стерлингке (шамамен 5,2 млрд доллар) америкалық кәсіпкер Тодд Бёли бастаған консорциумға сатқан болатын. Клуб Абрамовичке қарсы Украинадағы соғысқа байланысты санкциялар енгізілгеннен кейін сатылымға қойылды.
Ал 2025 жылдың маусымында Ұлыбритания билігі миллиардермен «Челсиді» сатудан түскен қаражатты пайдалану мәселесінде ортақ мәмілеге келе алмағанын мәлімдеп, дауды сот арқылы шешу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.

