БҰҰ Газадағы бейбітшілік бойынша Трамптың жоспарын қолдады: Қазақстанның ұстанымын СІМ жариялады

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Газадағы қақтығысты тоқтатуға бағытталған кешенді жоспар жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің резолюциясын құптайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды dailykz.
Министрліктің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде Қазақстан АҚШ-тың, әсіресе президент Дональд Трамптың, сондай-ақ өз үлесін қосқан өзге мемлекеттердің келісімге қол жеткізу жолындағы күш-жігерін жоғары бағалайтыны айтылады.
«Қазақстан Таяу Шығыстағы мәселелерді БҰҰ Жарғысына, Қауіпсіздік кеңесінің тиісті резолюцияларына, халықаралық гуманитарлық құқыққа және “екі халық үшін — екі мемлекет” формуласына негізделген бейбіт, жан-жақты әрі ұзақ мерзімді жолмен шешуді әрдайым қолдайды. Бұл формула тәуелсіз, өміршең және аумақтық тұтастығы сақталған Палестина мемлекетін құруды көздейді», — делінген мәлімдемеде.
СІМ атап өткендей, Қазақстан Авраам келісімдері аясында барлық серіктестерімен, оның ішінде қақтығысты реттеу процесінің негізгі делдалдарымен конструктивті ынтымақтастыққа дайын. Сондай-ақ еліміз өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға, гуманитарлық көмекті күшейтуге және ұзақ мерзімді саяси процестің басталуына жағдай жасауға бағытталған халықаралық бастамаларға үлес қосуға әзір.

