«Ащы сезім»: ресейлік теннисші Рыбакинаның Қазақстан атынан ойнауына өкініш білдірді

Танымал ресейлік теннисші Светлана Кузнецова әйгілі спортшы Елена Рыбакинаға WTA басшысымен бірге суретке түсуден бас тартқаны үшін құрмет білдіріп, оның Қазақстан атынан ойнау мәселесіне қатысты пікір айтты, деп хабарлайды dailykz.
Әлемнің бұрынғы екінші ракеткасы және екі мәрте «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы Светлана Кузнецова өзінің Telegram парақшасында әйелдер арасындағы жеке разряд маусымының қорытындысын жасап, маусымның финалы туралы ойын бөлісті.
«Жүректен шыққан шын көңілмен Елена Рыбакинаны лайықты жеңісімен құттықтаймын! Бұл жеңіске жету жолы оған оңай болған жоқ. Естеріңізде болса, ол бапкерімен болған жағдайдан кейін үлкен қысым мен сынның астында қалды. Соған қарамастан, өз ұстанымынан таймай, дұрыс деп санаған жолында күресін жалғастырды.
Лена ешқашан тоқтаған емес! Оның принципшіл ұстанымы ұсақ детальдардан да көрінеді — марапаттау сәтінде ол WTA президентімен бірге суретке түспеуден бас тартты. Бұл – құрметке лайық шешім», – деп жазды Кузнецова.
Сондай-ақ спортшы Рыбакинаның Қазақстан атынан ойнауына қатысты ойын білдірді:
«Шынымды айтсам, осындай мықты спортшының басқа елдің туы астында өнер көрсетуі ащы сезім тудырады. Бұл оның ресейлік жанкүйерлері үшін өте өкінішті жағдай», – деді ол.
Кузнецова пікірін түйіндей келе, 2026 жылғы алғашқы «Үлкен дулыға» жарысы — Australian Open турнирінде Елена Рыбакина мен Арина Соболенко басты фавориттер болады деп болжады.




