Аргентинадағы матчта футболшының маңдайына көлік кілті сұғылды

Аргентинада өткен матчта төбелес кезінде «Хенераль Ламадрид» клубының ойыншысы Джонатан Смит жарақат алып, ауруханаға түсті — оның маңдайына көліктің кілті сұғылғаны хабарланды.
Оқиға Буэнос-Айрес қаласында футболшының 16 жастағы қызының ойыны кезінде болған. Смит көрермендер арасында отырған. Белгілі болғандай, матч барысында футболшы қыздарының туыстары арасында жанжал шығып, ол үлкен төбелеске айналған.
Смит төбелеске досын қорғау үшін араласқан. Бір сәтте белгісіз адам оның басына көлік кілтімен қатты соққы жасаған. Кілт ойыншының маңдай сүйегіне кіріп кетіп, тұрып қалған.
Жарақат алған спортшы шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, күрделі операция жасалды. Дәрігерлердің айтуынша, кілт футболшының басында шамамен 12 сағат бойы тұрған. Абырой болғанда, ол ешбір ірі артерия мен венаны зақымдамаған.
Полиция бұл оқиға бойынша «Адам өлтіруге оқталу» бабымен қылмыстық іс қозғады. 40 жастағы күдікті ұсталды.
Еске салайық, қыркүйек айында Мессидің командасы қатысқан матч та жаппай төбелеспен және бір ойыншының бетіне түкірік тиюімен аяқталған еді.
Сонымен қатар, тамызда Қазақстанда да балалар арасындағы футбол чемпионатында төбелес болған.




