Аида Балаева вице-премьер болып тағайындалды

Қазақстан Республикасының Президенті Аида Балаеваны вице-премьер – мәдениет және ақпарат министрі қызметіне тағайындады, деп хабарлайды dailykz Ақорда мәліметіне сілтеме жасап.
Ақорданың ресми ақпаратында:
«Мемлекет басшысының жарлығымен Балаева Аида Ғалымқызы Қазақстан Республикасының вице-премьері – мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалды», – делінген.
Білім беру жолы
Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, Аида Балаева Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін және Қазақ ұлттық аграрлық университетін аяқтаған.
Мансиап баспалдақтары
1999–2002 жылдары ол Алматы облысының ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында жетекші маман, бас маман және бөлім басшысы қызметтерін атқарды.
2002–2004 жылдары — Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында қоғамдық-саяси үдерістерді талдау және үйлестіру бөліміне жетекшілік етті.
2004–2005 жылдары — Алматы қаласы ақпарат басқармасының бөлім басшысы, кейін басқарма басшысының орынбасары болды.
2005–2008 жылдар аралығында Алматы қаласының ішкі саясат департаменті директорының орынбасары, кейін директоры болып қызмет етті.
Астана кезеңі
2008–2010 жылдары — Астана қаласының ішкі саясат басқармасының бастығы.
2010–2014 жылдары — елорда әкімінің орынбасары.
Президент әкімшілігіндегі қызметі
2014–2019 жылдары — ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі.
2019–2020 жылдары — Президенттің көмекшісі, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарау жөніндегі бақылау бөлімінің меңгерушісі болды.
Министрлік деңгейіндегі тәжірибе
2020–2022 жылдары Аида Ғалымқызы ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметін атқарды.
2022–2023 жылдары — Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары.
2023 жылдың қыркүйегінен бастап — мәдениет және ақпарат министрі.
Тағайындаулар туралы еске салу
Бұған дейін вице-министр лауазымдарына бірқатар жаңа тұлғалар келген болатын:
- Оқу-ағарту вице-министрі болып Шынар Ақпарова тағайындалды;
- Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне Әлия Рүстемова кірісті.



