Сафонов төрт пенальтиді қайтарып, «ПСЖ»-ге Құрлықаралық кубокты сыйлады

Құрлықаралық кубок финалы Францияның «Пари Сен-Жермен» клубы үшін тарихи сәтпен аяқталды. Париждік команда Бразилияның «Фламенго» ұжымын жеңіп, ФИФА Құрлықаралық кубогының иегері атанды, деп хабарлайды dailykz тілшісі.
Турнирдің шешуші матчы Катардың Эр-Райян қаласында өтті. «ПСЖ» жарыс регламентіне сай бірден финалға жолдама алса, «Фламенго» плей-офф кезеңінде мексикалық «Крус Асульді» (2:1) және мысырлық «Пирамидзді» (2:0) жарыстан шығарған болатын.
Негізгі уақыттағы тартыс
Париж бен Рио-де-Жанейро командалары арасындағы матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталды.
«ПСЖ» сапынан 38-минутта грузин шабуылшысы Хвича Кварацхелия мергендік танытты. Ал «Фламенго» құрамында 62-минутта пенальтиді италиялық жартылай қорғаушы Жоржиньо сәтті орындады.
Қосымша уақыт және пенальти сериясы
Қосымша 30 минутта есеп өзгермеді. Жеңімпазды анықтау үшін матч пенальти сериясына ұласты.
«ПСЖ»-ның француз шабуылшысы, 2024/25 маусымының ФИФА нұсқасы бойынша үздік футболшысы атанған Усман Дембеле допты қақпа үстінен асырды. Ал оның командаласы Брэдли Барколяның соққысын «Фламенгоның» аргентиналық қақпашысы Агустин Росси қайтарды.
Алайда бразилиялық клуб ойыншылары бес пенальтидің тек біреуін ғана сәтті орындады. Ал «ПСЖ» қақпасында тұрған ресейлік голкипер Матвей Сафонов шешуші рөл атқарып, төрт пенальтиді қатарынан қайтарды.
Тарихи жеңіс
Нәтижесінде «ПСЖ» пенальти сериясында 2:1 есебімен басым түсіп, Құрлықаралық кубокты алғаш рет өз еншісіне қосты.
Айта кетейік, бұл турнир Клубтар арасындағы әлем чемпионаты реформасынан кейін құрылған. Алғаш рет 2024 жылы ұйымдастырылып, сол жылы трофейді мадридтік «Реал» жеңіп алған еді.




