Қазақстанда жұмыс берушілерді уақытша қызметкерлерді тұрақты штатқа қабылдауға міндеттейді: жаңа ережелер

Қазақстанда субсидияланатын уақытша жұмыс орындарында еңбек етіп жүрген азаматтарды тұрақты жұмысқа қабылдау тәртібі өзгермек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындап жатқан жаңа қағидалар компаниялардың кадр саясатына елеулі ықпал етуі мүмкін. Бұл туралы dailykz хабарлайды.
Жаңа талаптарға кімдер ілігеді
Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, мемлекеттік субсидияланған бағдарламаларға қатысқан жұмыс берушілер уақытша қызметкерлердің белгілі бір бөлігін тұрақты жұмысқа ауыстыруға міндетті болады.
- Егер компания өткен жылы 10 немесе одан да көп субсидияланған жұмыс орнын ашса, уақытша жұмыс істегендердің кемінде 10%-ын тұрақты қызметке рәсімдеуі тиіс.
- Ал егер мұндай жұмыс орындарының саны 10-нан аз болса, онда кемінде бір адам тұрақты жұмысқа қабылдануы қажет.
Министрліктің нақтылауынша, есепке тек соңғы алты ай бойы міндетті зейнетақы жарналары тұрақты төленген қызметкерлер ғана алынады.
Жұмыс берушілерді автоматты тексеру
Жаңа талаптардың орындалуын ашық бақылау үшін Еңбек биржасы арқылы электронды тексеру енгізіледі.
Төмендегі жағдайларда компаниялардың өтінімдері автоматты түрде кері қайтарылады:
- жалақы немесе салық бойынша қарызы болса;
- компания бір жылдан аз уақыт жұмыс істеп тұрса;
- мемлекеттік грант алып немесе мемлекеттік сатып алуларға қатысып жүрсе.
Бұл талаптар «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары» және «Күміс жас» бағдарламаларына қолданылмайды.


