«Нойербеков» атанған «Қайрат» қақпашысы Анарбеков жіберген голы үшін кешірім сұрады

Алматылық «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков YouTube-тағы Qsport арнасына берген сұхбатында грек ұжымы «Олимпиакоспен» өткен матчта жіберген голы үшін қазақстандық жанкүйерлерден кешірім сұрады, деп хабарлайды dailykz.
Ойыннан кейінгі қысқаша пікірінде Анарбеков өз қателігін жасырмай, голдың кездейсоқ әрі сәтсіз болғанын атап өтті.
«Өте сәтсіз гол болды. Жанкүйерлерден кешірім сұраймын — бұл таза қақпашы қателігі. Соған қарамастан бар күшімді салдым. Бұл матчты әлі талдаймыз. Біз өзімізге сенуіміз керек, әлі өсеміз», — деді қақпашы.
Темірлан Анарбеков ойын барысында қарсыластың үздіксіз қысымы мен шабуылдарының көп болғанын айтып, алаңда оңай болмағанын жеткізді.
Сұхбат кезінде журналист жанкүйерлердің Анарбековті Мюнхеннің «Бавария» клубының әйгілі қақпашысы Мануэль Нойермен жиі салыстыратынын, тіпті әзіл ретінде «Нойербеков» деп атайтынын да жеткізді.
«Әрине, Нойермен салыстыруға қарсы емеспін. Ол — аңыз», — деп жауап берді Анарбеков.
Еске сала кетейік, кеше «Астана Аренада» өткен кездесуде грек клубы «Олимпиакос» алматылық «Қайратты» 1:0 есебімен жеңді. Бұл ойында Темірлан Анарбеков алаңға капитандық таңғышпен шықты.
Матчтан кейін «Олимпиакос» қорғаушысы Жулиан Бьянкон да Астанада өткен кездесуде «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбековтің ойынына оң баға берген болатын.




