Америкалық боксшы Райан Гарсия Геннадий Головкиннің Даңқ залына енуіне қарсы пікір білдірді

Белгілі америкалық боксшы Райан Гарсия Inside the Ring шоуының эфирінде қазақстандық Геннадий Головкиннің Халықаралық бокс Даңқ залына қосылуына қатысты ойын айтты, деп хабарлайды dailykz.
Гарсияның пікірінше, Головкин бұл тізімге енбеуі керек еді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Даңқ залының талаптары тым жеңілдеп кеткен.
«Мен бұған дейін де айтқанмын: Даңқ залына ену оңай болмауы тиіс. Қазір шамалы ғана жақсы боксшының өзі кіре беретіндей әсер қалдырады. Қазақстандағы жанкүйерлерімнен және GGG фанаттарынан кешірім сұраймын. Бұрын да маған шабуыл жасадыңыздар, бірақ мен сіздерді бәрібір жақсы көремін», — деді Райан Гарсия.
Sports.kz дерегінше, Гарсия осыған дейін, қазан айында да, Головкинді Даңқ залының мүшесі ретінде елестете алмайтынын айтқан. Ол кезде америкалық боксшы GGG-нің «айрықша жетістікке қол жеткізбегенін» алға тартқан.
Қоғамда үлкен талқылау тудырған бұл мәлімдеме Геннадий Головкиннің Даңқ залына енуі тақырыбына деген қызығушылықты одан әрі арттыра түсті.




