Батыс Қазақстан облысының дамуы: Нариман Турегалиев алдағы жоспарларды ұсынды

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Турегалиев Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық саясаты, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік инфрақұрылым және жұмыспен қамту саласындағы негізгі нәтижелерін таныстырды, деп хабарлайды облыс әкімдігі.
Экономикалық көрсеткіштер тұрақты өсуде
Қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша БҚО экономикасы тұрақты өсу динамикасын көрсетіп отыр. Құрылыс саласы 9%-ға өсіп, 262,3 млрд теңгеге жетті. Жаңа пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 4,1%-ға ұлғайып, 484,4 мың м² болды. Негізгі капиталға инвестициялар 566,6 млрд теңгені құрады. Өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3 105 млрд теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 280,8 млрд теңгені құрады. Орташа жалақы 16,6%-ға өсіп, 316 мыңнан 369 мың теңгеге жетті.
Инвестициялар және жаңа жұмыс орындары
Облысқа биыл 567 млрд теңге инвестиция тартылды, оның 80%-ы жеке сектордан. Алдағы бес жылда 73 ірі жобаны іске асыру және 10 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Экономиканың басым бағыттары – мұнай-газ саласы, өңдеуші өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс және агроөнеркәсіптік кешен. Бұл салалар ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттырады. Стратегиялық жобалар қатарында:
- Batys POWER газ турбиналық станциясының қуатын 414 МВт дейін ұлғайту;
- ZhaikPetroleum Ltd компаниясының метанол кешенін Қытай компаниясымен бірлесіп салу;
- Сайгак етін өңдейтін зауыт (Қытай);
- Контейнерлік шыны өндіруге арналған жабдық (Чехия);
- «Пуш Руно» былғары зауыты (Иран);
- Өскемендегі канализациялық-тазалау құрылыстарын жаңғырту (Ресей, 58 млрд теңге).
Бұл жобалар өңір өнеркәсібін әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Ауыл шаруашылығы
11 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 281 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6,4%-ға өсті. 2025–2027 жылдары 54 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, 870 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Биыл 18 жоба жүзеге асырылуда (жалпы құны 15,4 млрд теңге): 5 суармалы жер, 2 сүт өнімдері фермасы, 1 өсіріп бордақылау алаңы. 2027 жылға қарай бордақылау алаңының жалпы сыйымдылығы 75 мың мал басын құрайды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1 317 жобаға 9,4 млрд теңге несие беріліп, 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Шағын және орта кәсіпкерлік
Облыста шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 59,2 мыңға жетіп, 130 мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндірілетін өнім көлемі – 2,8 трлн теңге, аймақтық өнімдегі үлесі – 36,7%. Мемлекеттік қолдау арқылы 3 мыңнан астам жоба жүзеге асырылды, бұл өңір экономикасының тұрақты өсуіне айтарлықтай үлес қосуда.
Әлеуметтік сала және инфрақұрылым
БҚО-да әлеуметтік қолдау жүйесі елеулі нәтижелерге жетті. Мақсатты әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 2 405-тен 1 314-ке дейін қысқарды (45%). Жұмыссыздық деңгейі – 4,8%, жастар арасында – 3,6%.



