«Алыс әрі суық мекен»: «Олимпиакос» бапкері Астанадағы «Қайратпен» матчтан күткенін айтты

Грекиялық «Олимпиакостың» бас бапкері Хосе Луис Мендилибар Астанада өтетін қазақстандық «Қайратқа» қарсы матчқа қатысты пікірін білдірді. Бұл туралы dailykz тілшісі хабарлайды.
Командалар УЕФА Чемпиондар лигасының алтыншы туры аясында кездеседі. Ойын Алматыдағы Орталық стадионнан елордадағы «Астана Аренаға» ауыстырылды. Бұл стадионда табиғи емес, жасанды жабын төселгенімен, жабылатын шатыр бар.
64 жастағы испандық маман Астанаға келіп, команданы тікелей қолдайтын «Олимпиакос» жанкүйерлеріне ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, мұндай алыс сапарға қарамастан қолдау көрсету – клуб үшін өте маңызды.
Сонымен қатар, Хосе Луис Мендилибар «Олимпиакостың» әр матчта тек жеңіс үшін ойнайтынын атап өтті. Оның сөзінше, «Қайратпен» өтетін кездесу де бұл қағидадан тыс қалмайды.
Бұған дейін пирейлік клубтың аргентиналық жартылай қорғаушысы, команданың ең қымбат ойыншыларының бірі Сантьяго Эссе де алдағы матч жайлы ойын білдірген болатын.
Грек ұжымы Астанадағы ойынға белсенді дайындалуда. Матчтың Алматыдан елордаға ауысуына байланысты қарсыластар жасанды алаңда ойнайды, алайда ойын жабық шатыр астында өтеді.
Сантьяго Эссенің пікірінше, ауа райы қандай болса да, ол екі командаға бірдей әсер етеді. Ал Хосе Луис Мендилибар «осындай алыс әрі суық жерге» жетіп, команданы қолдаған жанкүйерлерге тағы да алғыс айтты.




