Рой Джонс Астанада жас спортшыларға арналған шеберлік сабағын өткізді » DailyKz
Новости Спорта

Рой Джонс Астанада жас спортшыларға арналған шеберлік сабағын өткізді

Әлемдік бокстың жұлдызы, кәсіпқой бокстан абсолютті әлем чемпионы Рой Джонс Астанада жас спортшыларға арнап ашық жаттығу мен мастер-класс өткізді. Бұл туралы dailykz елорда әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

SANA Sport спорт кешенінде өткен кездесуде 56 жастағы Рой Джонс жастарға жетістікке жетудің басты шарттары – тынымсыз еңбек пен табандылық екенін түсіндірді. Оның айтуынша, әрбір спортшы өзіне лайық жеке жаттығу жоспарын құрып, техниканы жетілдіріп, жекпе-жек тактикасын терең меңгеруі тиіс.

Әлемге әйгілі боксшы тек кеңес берумен шектелмей, рингте ашық жаттығу да өткізді. Ол қатысушыларға бокстың психологиялық және тактикалық қырларын көрсетіп, тәжірибесімен бөлісті.

Айта кетейік, Рой Джонс спорттық мансабын ресми түрде аяқтағаннан кейін де жанкүйерлер назарынан тыс қалған жоқ. 2020 жылы ол аты аңызға айналған Майк Тайсонмен жекпе-жек өткізіп, көрермендерге нағыз шоу сыйлады. Сонымен қатар, ол кино саласында да бой көрсетіп, музыкалық шығармаларымен танымал болды.

Кездесу соңында Рой Джонс жас спортшылармен естелік суретке түсіп, қолтаңба таратты. Сондай-ақ ол спортпен айналысатын әр адам бос уақытын тиімді пайдаланып, зиянды әдеттерден аулақ болуы керек екенін ерекше атап өтті. Шара барысында жас боксшылар мен жаттықтырушылар атақты спортшыға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Өзінің бай тәжірибесімен бөліскен Рой Джонс бокстағы жолындағы есте қалған сәттерді, қиындықтар мен жеңістерді еске алды.
«Менің бокс жолым 1974 жылы басталды. Әкем де көптеген боксшыларды жаттықтырды. Бір күні оның бөлмесінде Мұхаммед Әлидің жекпе-жегін көріп, бокстың тек соққыдан тұрмайтынын, бұл ақыл мен стратегияға негізделген өнер екенін түсіндім. Сол сәттен бастап бокс менің өміріме айналды», – деді Рой Джонс.

Related Articles

Back to top button