Макгрегорға қатысты зорлау ісі бойынша берілген талап арыз қайтарып алынды

UFC экс-чемпионы Конор Макгрегорға қарсы берілген азаматтық талап арыз істі қозғаған әйелдің өтінішімен қайтарып алынды, деп хабарлайды dailykz The Sun басылымына сілтеме жасап. Арыз 2025 жылдың қаңтарында түсіп, ММА жұлдызы жыныстық сипаттағы күш қолданды деп айыпталған еді.
Бұған дейін полиция іс бойынша тергеу жүргізген, алайда прокуратура қылмыстық айып тағудан бас тартқаннан кейін жәбірленуші азаматтық талап арыз беруді шешкен.
“Джейн Доу” деген атпен арыз қалдырған әйелдің айтуынша, оқиға 2023 жылдың маусымында Kaseya Center аренасында болған. Ол Макгрегор өзін әлімжеттік көрсетуге және жыныстық зорлыққа барды деп мәлімдеген. Жәбірленуші спортшыдан 75 мың доллар көлемінде өтемақы талап еткен.
Макгрегор барлық айыптауларды жоққа шығарды. Оның адвокаты бұл мәлімдемелерді шындыққа жанаспайды деп атады. Кейінірек спортшының өкілі талап арызды «ақша бопсалау әрекеті» деп сипаттап, әйелге төлем жасалмаған соң шағым бергенін айтқан.
Басылым мәліметінше, бастапқыда әйел Miami Heat және Basketball Properties LLC ұйымдарын да жауапкер ретінде көрсеткен, алайда кейін тек Макгрегорға қатысты талапты қалдырған.
Айта кетейік, өткен жылдың күзінде қазылар алқасы ирландиялық спортшыны 2018 жылы Дублиндегі қонақүйде Никита Хэнд есімді әйелге қатысты азаматтық сипаттағы зорлау ісінде кінәлі деп таныған еді. Макгрегор қарым-қатынас өзара келісіммен болғанын айтқанымен, сот жәбірленушінің пайдасына шешім шығарды және өтемақы төлеуді міндеттеді.




