100 млн теңгеге видеоролик: Түркістан облысының әкімі келісімді тексеруді тапсырды

Түркістан облысында 100 млн теңгеге түсірілетін 7 минуттық видеоролик туралы келісім қоғамдық талқылауға түсті. Осыған байланысты облыс әкімі Нұралхан Күшеров бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын тексеруді тапсырды, деп хабарлайды dailykz облыс әкімдігінің ақпаратына сілтеме жасап.
Әкімдік мәліметінше, Нұралхан Күшеров аталған келісімнің қалай және қандай рәсімдер арқылы жасалғанын, барлық талаптардың сақталған-сақталмағанын жан-жақты тексеруді бұйрық етті.
7 минуттық роликтің бағасы – 100 млн теңге
Kazinform таратқан ақпаратқа қарағанда, әлеуметтік желілерде «Ұлы Дала Елі орталығы» ШЖҚ МКК мен «G7 Exclusive» ЖШС арасында келісім жасалғаны туралы хабар тараған. Құжатқа сәйкес, мемлекеттік мекеме тарихи бағыттағы 7 минуттық видеоролик үшін 100 млн теңге төлеуі керек.
Мәдениет басқармасы басылымға берген түсініктемесінде видеоролик Қазақстан тарихын ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейін әртүрлі шығармашылық тәсілдер арқылы көрсетуге бағытталғанын айтты.
Материал арнайы голографиялық шоу-залда көрсетілуі жоспарланған. Басқарма өкілдері жобаны іске асыру үшін конкурс үш рет өткізілгенін, алайда әр жолы жарамсыз деп танылғанын атап өтті. Осыдан кейін мемлекеттік сатып алу туралы заңның 16-бабының 3-тармағына сәйкес, бір көзден сатып алу әдісі қолданылған.
Бұған дейін де даулы жағдайлар болған
Бұл жағдай елде мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына қатысты алаңдаушылықты тағы да күшейтті. Бұған дейін Семейде мемлекеттік органдар қаланың өзінде өспейтін ағаштарды кесуге 150 млн теңге бөлмек болған. Прокуратура тексерісінен кейін конкурс тоқтатылды.
Сондай-ақ Абай облысында да 1,4 млрд теңгеден астам бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалғаны анықталған. Бұл қаражат «Орталық» қазандығына күрделі жөндеу жүргізуге бөлінген еді. Жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.




