«Әр адамның өз вайбы бар»: Қазақстан СІМ басшысы Пашинянның әлеуметтік желідегі жазбаларына пікір білдірді

Қазақстанның сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ақордада өткен іс-шарадан кейін Армения премьер-министрі Никол Пашинянның әлеуметтік желілерде жариялаған «жүрекшелеріне» қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dailykz.
Министрдің айтуынша, мұндай эмоция — кез келген адамға тән табиғи көрініс.
«Әр адамның, өздеріңіз айтқандай, вайбы болады. Қызық, жағымды нәрсе. Бұл оның адами қырын көрсетеді. Басшылар әрдайым тым салмақты болуы керек деген түсінік қалыптасқан. Біздің президентті де еске алыңыздар, тақтайша сындырған кездері болды, тағы басқа сәттер. Ол да бір өзіне тән вайб. Қалғанын сіздер рилстерге айналдырып, өздеріңіз толықтырасыздар», – деді Ермек Көшербаев.
Министр қазақстандық шенеуніктердің де кей жағдайларда осындай еркін контент жариялай алатынын мәлімдеді.
«Әрине, жариялай алады, министрлерден сұрап көріңіздер. Бірақ мен, мысалы, артық кетіп қалсам, дұрыс түсінбеуі мүмкін. Ал біздің әкімдерге қарасаңыздар, парақшаларында түрлі нәрселер жариялап жатады. Ал достар арасында, жеке кездесулерде — әзілі бар, қалжыңы бар, адамгершілік қарым-қатынас бар, бәрі болады», – деді ол.
Айта кетейік, бүгін Никол Пашинян Астанадан түсірген видеосын қазақстандық әнмен бөліскен болатын.
Армения премьер-министрі Қазақстанға 20 қараша күні келді. Әуежайда оны Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов қарсы алды.
Ақорданың хабарлауынша, Пашинянның сапары екі күнге созылады. Осы уақыт ішінде ол екі ел арасындағы өзекті мәселелер бойынша бірқатар ресми кездесулер өткізеді.
Сондай-ақ, сапар бағдарламасында Қазақстан мен Армения делегацияларының келіссөздері жоспарланған. Онда екі ел арасындағы өзара тиімді әріптестікті тереңдету мүмкіндіктері талқыланбақ.
Никол Пашинянның әлеуметтік желідегі белсенділігі мен «вайбы» Қазақстан мен Армения арасындағы жылы дипломатиялық атмосфераны да айқындай түсті.



