Александр Бублик маусымды әлемдік рейтингтегі қандай орында аяқтайтынын білді

Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) ерлер арасындағы жекелей және жұптық разрядтар бойынша жаңартылған әлемдік рейтингті жариялады. Бұл туралы dailykz хабарлайды.
Қазақстанның үздік теннисшісі Александр Бублик биылғы маусымды әлемнің 11-ші ракеткасы ретінде аяқтайды. Оның қоржынында — 2 870 ұпай. Бұл — Бубликтің кәсіби мансабындағы ең жоғары көрсеткіш.
Ал басқа қазақстандық теннисші Александр Шевченко рейтингте екі сатыға төмендеп, ATP тізімінде 97-орынға түсті.
Әлемдік рейтингтің көшін испан теннисшісі Карлос Алькарас сақтап қалды. ATP Финалының шешуші матчында италиялық Янник Синнерден ұтылғанына қарамастан, Алькарас маусымды бірінші нөмір ретінде аяқтайды. Синнер маусымды екінші, ал тізімнің алғашқы үштігін неміс спортшысы Александр Зверев түйіндейді.
Осылайша, Александр Бублик 2025 маусымын мансабындағы рекордтық көрсеткішпен — әлемнің 11-ші ракеткасы ретінде аяқтап отыр.




