“Трамп, кеттік!”: Махачев АҚШ президентін Ақ үйде жекпе-жек өткізуге шақырды

UFC-дің қос дивизион чемпионы Ислам Махачев тарихи жеңісінен кейін АҚШ президенті Дональд Трампқа үндеу жолдады, деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
UFC 322 турнирінде ресейлік спортшы австралиялық Джек Делла Маддаленаны сенімді түрде жеңіп, жартылай орта салмақта чемпиондық белбеуді иеленді. Бұған дейін Махачев жеңіл салмақта чемпион атанған болатын. Осылайша ол UFC тарихында Ресейден шыққан алғашқы екі салмақ чемпионы дәрежесіне жетті.
Жекпе-жектен кейін октагонда сөйлеген Махачев өз қуанышын жасырмады:
“Бұл – арман. Екі белбеуге жету жолында бүкіл өмірім еңбекпен өтті. Айтар сөз жоқ, өте бақыттымын. Белбеу ауыр, бірақ маған осының бәрі ұнайды! Осы сәт үшін күндіз-түні жұмыс істедім”, – деді ол.
Махачев жаңа салмаққа ауысу оның денсаулығы мен дайындығына жағымды әсер еткенін айтты.
“Шынымды айтсам, өмірім өзгерді. Салмақ қумай, рингке мүлде басқаша күйде шығамын. Бес раунд бойы тоқтаусыз күресуге дайын болдым. Бұл түн мен үшін жеңіл өтті. Бәрі жоспар бойынша болды. Қарсыластарым менің стилімді біледі, бірақ әлі ешкім тоқтата алған жоқ”, – деді чемпион.
Ислам кез келген келесі қарсыласпен жекпе-жекке дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол 2026 жылдың 14 маусымында өтеді деп жоспарланған Ақ үйдегі UFC турниріне қатысуға ниетті екенін ашық айтты.
“Дональд Трамп, кеттік! Ақ үйдің есігін аш, мен келе жатырмын!” – деп мәлімдеді Махачев.
UFC президенті Дана Уайт та Нью-Йорктегі баспасөз мәслихатында Махачевтің Ақ үйдегі турнирге қатысу мүмкіндігі жоғары екенін растады. Оның айтуынша, промоушеннің басты мақсаты – жанкүйерлер үшін мүмкін болған ең мықты кардті құрастыру.




