Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы және ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, Ауғанстанға жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберілді, деп хабарлайды dailykz Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегіне сілтеме жасап.
ҚР ТЖМ мәліметінше, мемлекеттік материалдық резервтен қажетті дәрі-дәрмектер, медициналық құрал-жабдықтар, төсек-орын жабдықтары, шатырлар және басқа да алғашқы қажеттіліктер заттары бөлінді.
Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге білікті көмек көрсету үшін медициналық қызметкерлер тобын қалыптастырып, жіберді.
Гуманитарлық жүк құрамында барлығы 34 атау бар, жалпы салмағы 18 тонна. Жеткізу ҚР Қорғаныс министрлігінің әуе көлігі арқылы жүзеге асырылып, гуманитарлық көмек Ауғанстан тарапына бүгін-ақ тапсырылатын болады. Жүк тиеу және түсіру жұмыстарында ТЖМ әскери бөлімшелерінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері қатысып, жүктің жедел дайындалуы мен жолға шығуын қамтамасыз етті.
Гуманитарлық көмек KazAID – Қазақстанның халықаралық даму агенттігі арқылы ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасы адамгершілік пен өзара көмек принциптерін басшылыққа ала отырып, бауырлас Ауғанстанға қолдау көрсетуді жалғастырып келеді.
Еске салайық, 3 қараша түнінде Ауғанстанда магнитудасы 6,3 күшіндегі жер сілкінісі болды. Әкімшілік мәліметтерге сәйкес, апат салдарынан 5 адам қаза тауып, ондаған адам зардап шекті.
Ал 1 қыркүйе түнінде, Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында магнитудасы 6 күшіндегі жер сілкінісі тіркелген еді. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі ауқымды құтқару операциясын бастағанымен, тау аймағының қиын қолжетімділігіне байланысты зардап көлемін анықтау қиын болды.
Баспасөз деректері бойынша, алғашқы жер сілкіністен кейін бес афтершок тіркелген. Жердегі дүмпулер Кабулдан Пәкістан астанасы Исламбадқа дейін сезілген.
Ресми мәліметтерге сәйкес, құрбандар саны 1,4 мыңнан асты, 3,1 мыңнан астам адам зардап шекті, 8 мыңнан астам үй қираған.




