2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының алауы Грекияда жағылды

2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарының алауы 26 қараша күні Ежелгі Олимпияда ресми түрде жағылды, деп хабарлайды dailykz.
«Чемпионат» таратқан мәліметке сүйенсек, ауа райының қолайсыздығына байланысты шара антикалық стадионнан Археологиялық музейге ауыстырылған. Сондай-ақ алауды жағу үшін жалпы дайындық кезінде жағылған сақтық (резервтік) от қолданылды.
Олимпиада алауы 26 қаңтарда Италияның Кортина-д’Ампеццо қаласына жеткізіледі. Бұл күн — дәл 70 жыл бұрын, 1956 жылғы қысқы Олимпиаданың ашылу рәсімі өткен күнмен сәйкес келеді. Дәстүрлі салтанатқа Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Кирсти Ковентри, Грекия президенті Константинос Тасулас және ХОК-тың құрметті президенті Томас Бах қатысты.
Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, биыл да жоғарғы абыздың рөлін актриса Мэри Мина орындады. Ал алғашқы алау ұстаушы 2024 жылғы Олимпиада ойындарының жүлдегері Петрос Гайдацис болды.
Грекия кезеңінен кейін алау 4 желтоқсанда Римге жеткізіледі. Италиядағы эстафета елдің барлық 110 провинциясын қамтып, 6 ақпанға дейін жалғасады. Соңғы нүкте — Миландағы «Сан-Сиро» стадионы, онда қысқы Олимпиаданың ашылу салтанаты өтеді.
2026 жылдың қысқы Олимпиадасы 6–22 ақпан аралығында ұйымдастырылады.
Еске сала кетейік, қысқы Олимпиада мен Паралимпиада ойындары қарсаңында БҰҰ Бас Ассамблеясы олимпиялық бітімге шақырған резолюция қабылдаған болатын. Сонымен қатар, жыл басында ұйымдастыру комитеті Милан мен Кортинада өтетін қысқы Олимпиаданың ресми медальдарын таныстырған еді.




