«Өзіне өлім жазасын кескендей болды»: еңбек сіңірген жаттықтырушы допинг дауына пікір білдірді

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Олимпиада жүлдегері Назым Қызайбайдың бұрынғы бапкері Жұмабек Өмірзақов Жәнібек Әлімханұлының атына қатысты допинг дауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды dailykz Sport Arena басылымына сілтеме жасап.
Өмірзақовтың айтуынша, бұл жағдайдан кейін Әлімханұлы үшін үлкен жекпе-жектер жолы жабылуы мүмкін.
«Мен білмеймін, өздігінен бұған барды деп ойламаймын. Командасындағы біреу ишара берді немесе бір жерден естіді. Себебі ол Ларамен 12 раунд жұдырықтасатынын жақсы түсінді. Онымен толық дистанцияны өткізу үшін мықты кардио керек, ал Жәнібек өзінің бұл қарқынға шыдамайтынын білді.
Эрисланди — кубалық мектептің өкілі, 42 жасында да оның жылдамдығы мен ең бастысы — тәжірибесі бар. Сол себепті ол мельдоний қабылдады. Енді онымен ешкім рингке шығуға келіспейді. Менің ойымша, ол осы әрекетімен өзіне өлім жазасын кесті», — деді Өмірзақов.
Еске сала кетсек, 6 желтоқсанда өтуі тиіс болған үш чемпиондық белбеуге арналған жекпе-жек алдында Жәнібек Әлімханұлы допинг жанжалының ортасында қалды. WBO ресми түрде қазақстандық боксшының допинг-тест нәтижесі оң болғанын растады және тексеріс басталды. Спортшы өзінің ереже бұзбағанын айтып, екінші сынаманы қайта тексеруді талап етті.
Оқиғадан кейін Әлімханұлының командасы арнайы мәлімдеме жасады. Ал ұйымдастырушылар титулдық жекпе-жекте оны кім алмастыратынын жариялады.




