«Өтініштер келіп түсуде»: Тоқаев жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын талдауды тапсырды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларын іске асыруға қатысты бизнес тарапынан келіп түсетін өтініштерді мұқият талдауды тапсырды деп хабарлайды dailykz.
Мемлекет басшысының айтуынша, оған кәсіпкерлерден жаңа Салық кодексінің кейбір нормаларына қатысты өтініштер келіп түсуде.
«Үкімет оларды мұқият зерттейді және, менің ойымша, орынды тепе-теңдік табады. Шындығында, басқа жол жоқ. Бұл – жалпыұлттық деңгейдегі міндет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл міндетті цифрлық құралдар арқылы шешу кәсіпкерлерді мазалайтын көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
«Сонымен қатар келесі жылы Қазақстандық тауар өндірушілерінің реестрі мен Ұлттық тауарлар каталогы енгізілетінін ескеру қажет. Жаңалықтар мемлекеттік сатып алу конкурстарында кейбір кәсіпорындардың негізсіз артықшылық алу мәселелерін шешуге ықпал етуі керек. Үкімет «Атамекен» палатасымен бірлесіп, жаңа нормаларды биылғы жылдың соңына дейін бизнес қауымдастығына зиян келтірмей енгізуді қамтамасыз етуі қажет», – деді Президент.


