«Қазақстанның басым құқығы бар»: «Лукойл» активтерін сату мәселесі Энергетика министрлігінде түсіндірілді

Астанада өткен баспасөз мәслихатында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан аумағындағы «Лукойл» активтерін сату ықтималдығына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы dailykz тілшісі хабарлады.
Журналистер министрге қараша айында айтылған мәлімдемені еске салды. Ол кезде «Лукойлдың» Қазақстандағы активтерін сату мәселесі желтоқсан айының ортасына дейін шешілуі тиіс екені айтылған болатын. Осыған байланысты қазіргі жағдай қандай екені сұралды.
Министрдің айтуынша, бастапқы мерзім АҚШ Қаржы министрлігі тарапынан белгіленіп, 13 желтоқсанға дейін күшінде болған. Алайда бұл уақытша шектеу қаңтар айының ортасына дейін ұзартылған.
«Қазіргі таңда мерзім қаңтардың ортасына дейін ұзартылды. Сондықтан біз де осы кезеңнің аяқталуын және одан кейін қандай шешім қабылданатынын күтіп отырмыз. Үкімет аталған активтерді сатып алу бойынша ешқандай келіссөз жүргізіп жатқан жоқ», – деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ министр бұл активтерге халықаралық нарықта қызығушылық танытып отырған компаниялар аз емес екенін атап өтті.
«Әзірге нақты шешімді күтейік. Дегенмен, бір нәрсені еске салғым келеді: Жер қойнауы туралы кодекске сәйкес, Қазақстанның басым құқығы бар. Алдағы уақытта біз бұл құқықты пайдаланамыз ба, жоқ па – соны өзіміз шешеміз», – деп түйіндеді Энергетика министрі.




