Қазақстаннан шыққан алғашқы боксшы: Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқ залына енді

Қазақстандық әйгілі боксшы Геннадий Головкин ресми түрде Халықаралық бокс даңқ залына (International Boxing Hall of Fame) енгізілді, деп хабарлайды dailykz НОК мәліметіне сүйене отырып. Айта кетейік, GGG бұл мәртебеге алғашқы үміткерлігінде-ақ ие болып, Қазақстан тарихында мұндай құрметке ие болған алғашқы спортшы атанды.
Комитеттің мәліметінше, Геннадий Головкиннің әуесқой рингтегі мансабы орта салмақтағы ең табысты кезеңдердің бірі саналады. Ол жалпы 350 жекпе-жек өткізіп, соның 345-інде жеңіске жеткен. Көп жылдар бойы Қазақстан құрамасының көшбасшысы болды.
Профессионалдық боксқа ауысқаннан кейін Головкин XXI ғасырдағы ең үстемдік құрған орта салмақ чемпиондарының біріне айналды. Оның қоржынында 45 жекпе-жек бар, соның 37-сін нокаутпен аяқтаған. Бірнеше жыл бойы ол әлемдік P4P (pound-for-pound) рейтингінің көшін бастаған спортшылардың қатарында болды.
Карьерасы барысында Геннадий Головкин WBA, WBC, IBF, IBO ұйымдарының чемпиондық белбеулерін, сондай-ақ The Ring журналының беделді титулын иеленді. Тоғыз жыл бойы қатарынан тіркелген 23 нокауттық жеңісі орта салмақ тарихындағы ең үздік көрсеткіш болып қалды. Сонымен қатар ол 21 мәрте чемпиондық атақтарын сәтті қорғап, дивизион үшін рекорд орнатты. Жеңістерінің 90 пайыздан астамы мерзімінен бұрын аяқталуы — Гиннес рекордтар кітабында ерекше көрсеткіш ретінде тіркелген. Бұл фактілер GGG-ді заманауи бокстың ең ұлы тұлғаларының бірі ретінде айқындайды.
«Оның Халықаралық бокс даңқ залына енуі — тек жетістіктерінің бағалануы емес. Бұл — әлемдік бокс тарихында терең із қалдырған, рингтен тыс та спорттың дамуына ықпал етіп жүрген спортшының ең жоғары мойындалуы.
Геннадий Головкиннің есімі енді Мухаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер, Мэнни Пакьяо сынды әлемдік бокс аңыздарымен қатар тұр», — деп атап өтті комитет өкілдері.
Еске сала кетсек, 2 қазанда Халықаралық бокс даңқ залы (IBHOF) 2026 жылғы енгізілетін үміткерлер тізімін жариялаған еді. Сол тізімге Қазақстан боксшысы Геннадий Головкин де кірген болатын.
Айта кетейік, 23 қарашада Рим қаласында World Boxing конгресі өтіп, оған сәйкес Геннадий Головкин ұйымның президенті ретінде ресми түрде бекітілді.




