Қазақстандықтар Қатарда заңды түрде жұмыс істей алады: келісім күшіне енді

Қазақстан азаматтарының Қатар мемлекетінде қауіпсіз және ресми жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретін келісім күшіне енді. Бұл туралы dailykz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Министрліктің сайтында хабарланғандай, Қатар Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық каналдар арқылы Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы келісімнің мемлекеттік ішкі рәсімдері толық орындалғанын растайтын жазбаша хабарлама жолдаған. Келісім қазақстандық жұмысшылардың Қатардағы еңбек қатынастарын реттейді.
Келісімнің негізгі ережелері
Құжатта мамандарды іріктеу, олардың біліктілігін тексеру және еңбек шарттарын рәсімдеу тәртібі анық көрсетілген. Келісім Қазақстан азаматтарына төмендегідей құқықтар мен кепілдіктер береді:
- ұшу билеттерін төлеу, тұрғын үй және медициналық қызмет көрсету;
- еңбек шарттары, демалыс және сыйақылар бойынша айқын шарттар;
- еңбек шарты уақытынан бұрын бұзылған жағдайда жұмысшылар мүддесін қорғау.
Еске салсақ, келісім 2024 жылы 14 ақпанда Қазақстан Президентінің Дохаға ресми сапары кезінде қол қойылған. 2025 жылы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы Парламенттің екі палатасының мақұлдауын алып, 20 қазанда Президент қол қойған.
Орындауды бақылау
Келісімнің нормаларын бақылау үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Қатар Еңбек министрлігінің өкілдерінен тұратын бірлескен комитет құрылмақ.
Барлық бос орындар migration.enbek.kz порталында жарияланады, бұл Қазақстан азаматтарына Қатардағы жұмыс мүмкіндіктеріне ашық және ресми қолжетімділік береді.
Болашақ жоспарлар
Қазіргі уақытта министрлік Республика Корея, Сауд Арабиясы, БАӘ, Словакия, Жапония, Швеция, Италия, Норвегия, Польша, Чехия, Румыния және Финляндиямен еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау және жұмысын реттеу бойынша ұқсас меморандумдар мен келісімдерге қол қою жұмыстарын жүргізіп жатыр.




