Қазақстандықтарға жаңа жылдық дастархан қаншаға шығады: Ернур Жаутикбаев жауап берді

Қазақстандықтар үшін жаңа жылдық дастарханның құны биыл қанша болатыны белгілі болды. Сауда комитетінің төрағасы Ернур Жаутикбаев үкіметтегі брифингте дастархан бағасы қымбаттай ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды dailykz.
Жаутикбаевтың айтуынша, орта есеппен жаңа жылдық дастархан 70 мың теңгеге шығады.
«Азық-түлік себеті бойынша талдау жүргіздік. Егер жаңа жылдық себетке алатын 37 тауар атауын қарастыратын болсақ – оның ішінде екі ыстық тағам бар: тауық еті мен сиыр еті.
Өткен жылы бұл шамамен 68 мың теңге болса, биыл орта есеппен 70 мың теңге деңгейінде. Айырмашылық осы. Кейбір өнімдер арзандаған, кейбіреулері сәл қымбаттаған, бірақ динамика осы», – деді Ернур Жаутикбаев.
Еске салсақ, бұған дейін dailykz редакциясы мерекелік дастарханға арналған ең танымал салаттардың бағасын зерттеген болатын. Сондай-ақ, Астанада Сауда комитетінің басшысына 500 теңгелік гречка (қарақұмық) бағасы таңқаларлық көрінгені хабарланған.




