Қазақстандық таеквондошы Батырхан Төлеуғали әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды

Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Батырхан Төлеуғали таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Кенияның Найроби қаласында өткен дүбірлі дода туралы dailykz хабарлайды.
21 жасқа дейінгі спортшылар қатысқан жаһандық біріншілікте қазақстандық таеквондошы 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Алтын жүлдеге жету жолында Батырхан төрт жекпе-жек өткізіп, барлығында басым түсті.
Іріктеу кезеңінде ол Грекия өкілін жеңсе, ширек финалда австралиялық Стюарт Джобты жарыстан шығарды. Жартылай финалда бейтарап команда сапындағы Владислав Будинді ұтты.
Шешуші финалдық айқаста Төлеуғали ирандық Мохаммад Ализадені сенімді түрде жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы жастар арасындағы әлем чемпионатын екі алтын және бір қола медальмен аяқтады. Бұған дейін Бейбарыс Каблан (+87 кг) алтын жүлде алса, Тамерлан Тлеулес (-63 кг) қола медаль еншілеген болатын.




