Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов екі дүркін әлем чемпионы атанды

Қазақстан ұлттық ерлер құрамасының өкілі Сәкен Бибосынов Дубайда өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, екі дүркін әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды dailykz.
Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған дүниежүзілік біріншілікте бүгін финалдық жекпе-жектер басталды. 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қазақстан намысын Сәкен Бибосынов қорғады. Финалда ол ресейлік Вячеслав Рогозинмен жұдырықтасты.
Жекпе-жек қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы қазылардың бөлек шешімімен жеңіске жетті. Екінші раундта қарсыласына нокдаун есептелді. Осылайша, Сәкен Бибосынов Қазақстан құрамасына аталған әлем чемпионатындағы алғашқы алтын медальді сыйлады.
Айта кетейік, 28 жастағы Сәкен Бибосынов — 2020 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері және 2021 жылғы Белградтағы әлем чемпионы.
Сондай-ақ бүгін Қазақстан құрамасынан әлем чемпионатының алтын медалі үшін:
- Абылайхан Жүсіпов (71 кг),
- Оразбек Асылқұлов (57 кг),
- Сабыржан Аққалықов (75 кг) сынға түседі.
Ал Теміртас Жүсіпов (48 кг) пен Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг) әлем біріншілігін қола жүлдемен аяқтады.
Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов екі дүркін әлем чемпионы атанды.




