Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов алғаш рет әлем чемпионы атанды

Қазақстанның ерлер ұлттық құрамасының өкілі Абылайхан Жүсіпов Дубай қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Дүбірлі дода Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) қамқорлығымен ұйымдастырылған, деп хабарлайды dailykz.
Қазақстандық спортшы 71 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Әлем чемпионатының финалында ол Ресей құрамасының боксшысы Сергей Колденковпен алтын жүлде үшін қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жек төрешілердің бөлінген шешімімен аяқталып, жеңіс қазақстандық боксшыға берілді. Қорытынды есеп — 4:1.
Осылайша, Абылайхан Жүсіпов аталған әлем біріншілігінде алтын медаль иеленген үшінші қазақстандық боксшы атанды.
Бұған дейін Қазақстан құрамасына алтын жүлдені 51 келіде Сәкен Бибосынов пен 57 келі салмақ дәрежесінде Оразбек Асылқұлов әкелген болатын. Айта кетейік, 28 жастағы Жүсіпов бұған дейін 2017, 2019 және 2021 жылдардағы әлем чемпионаттарында үш мәрте қола жүлдеге ие болған.
Сонымен қатар бүгін бокстан әлем чемпионатының финалында 75 келі салмақ дәрежесінде тағы бір қазақстандық боксшы — Сабыржан Аққалықов шаршы алаңға шығады.




