Қазақстан құрамасы Қытайға жол берді: гандболдан әйелдер құрамасы әлем чемпионатында бесінші рет жеңілді » DailyKz
Новости Спорта

Қазақстан құрамасы Қытайға жол берді: гандболдан әйелдер құрамасы әлем чемпионатында бесінші рет жеңілді

Гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайға жол беріп, 2025 жылғы әлем чемпионатындағы бесінші жеңілісіне ұшырады. Нидерланд пен Германияда өтіп жатқан біріншілікте қазақстандықтар Қытай құрамасымен Президент кубогы аясындағы топтық кезеңде кездесті, деп хабарлайды dailykz тілшісі.

Командалар Президент кубогының II тобындағы екінші турда алаңға шықты. Нидерландтың Хертогенбос қаласында өткен матчта қытайлық гандболшылар 32:30 есебімен жеңіске жетті.

Кездесудің ең нәтижелі ойыншысы қазақстандық Аида Жапарова болды — ол сегіз гол соқты. Төрт доптан Ирина Хасаханова, Жанерке Сейтқасым және Айым Тұрсын өз еншілеріне жазды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатындағы барлық бес ойында да жеңіліп, ұпайсыз күйде топтың соңғы сатысында тұр. Соңғы турда Египет құрамасын жеңсе, команда үшінші орынға көтерілу мүмкіндігін сақтап, жалпы есепте 29-орын үшін таласады. Ал жеңіліс жағдайда қазақстандық гандболшылар 31-орын үшін ойнайды.

Айта кетейік, 2023 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 30-орын алған болатын. Ұлттық құраманың тарихтағы ең үздік нәтижесі — 2007 жылы тіркелген 18-орын.

Related Articles

Back to top button