«Қайрат» командасымен бірге Данияға алматылық полицейлер де аттанды

26 қараша күні өтетін «Копенгаген» – «Қайрат» футбол матчы қарсаңында Данияға тек алматылық команда ғана емес, сонымен қатар бір топ полиция қызметкері де жол тартты, деп хабарлайды dailykz Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
ІІМ медиапорталының мәліметінше, Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев және Әуезов аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Даурен Майлықбаев ірі спорттық іс-шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәжірибесін алу мақсатында Данияға барды.
Порталда жарияланған мәліметте былай делінген:
«Сапардың мақсаты – халықаралық матчтардағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жүйесін зерттеу: стадион инфрақұрылымы, өткізу режимі, жанкүйерлердің қозғалыс бағыттары, құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары және қауіпсіздік қызметтері арасындағы өзара әрекет».
Полиция қызметкерлері үш күн бойы екі тілде видеокүнделік жүргізіп, Алматыда өтетін ірі спорттық кездесулерді ұйымдастыру кезінде қолдануға болатын маңызды бақылаулар мен тәжірибелермен бөліседі. Айта кетсек, Алматының орталық стадионында дәстүрлі түрде көптеген халықаралық матчтар өтеді.
Бүгінгі таңда «Қайрат» футболшыларının Дания астанасына Чемпиондар лигасы аясында кезекті матчқа аттанғаны хабарланған болатын.
26 қарашада «Қайрат» жалпы кезеңнің бесінші турында «Копенгагенмен» кездеседі. Ойын Дания астанасындағы «Паркен» стадионында өтіп, жергілікті уақытпен 18:45-те (Қазақстан уақыты бойынша 22:45) басталады.
Бұған дейін қазақстандық «Қайрат» клубы УЕФА Чемпиондар лигасының келесі матчының билеттері сатылымға шыққанын жариялаған еді.




